ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ: ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ – ӨҢІРЛІК КАДРЛЫҚ СЕРПІЛІС
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Оршубеков Нурбек Абубековичпен сұхбат.
— Нурбек Абубекович, биылғы жыл өңірімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама аясында қандай нақты іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда?
— Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында 123 тармақтан тұратын кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін арнайы өңірлік штаб құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Басты бағыттар – колледждерді халықаралық салалық аккредиттеуден өткізу, заманауи жабдықталған салалық хаб кешендерін ашу, жатақханалар салу, жұмыс берушілердің сұранысы негізінде мақсатты білім беру тапсырыстарын ұлғайту, сонымен қатар шетелдік инвесторларды тарту арқылы жаңа мамандықтарды ашу. Осы бастамаларды іске асыру үшін 404 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. Оның ішінде 304 млн теңге – жергілікті бюджеттен, ал 100 млн теңге – демеуші кәсіпорындар есебінен.
— Жоспардың орындалу барысы қалай? Қандай жетістіктер бар?
— Қазіргі таңда 123 іс-шараның 71-і білім басқармасының құзырында. Соның ішінде 30 іс-шара орындалып, 41-інің мерзімдік орындалуы жүріп жатыр. Нақты айтсақ, 7000 оқушыға кәсіптік бағдар жұмыстары жүргізіліп, 3960 оқушы жергілікті кәсіпорындарда экскурсияға қатысты. Сонымен қатар, 5 салалық форсайт-сессия ұйымдастырылып, 1 халықаралық, 1 республикалық, 3 облыстық чемпионат, 5 шеберлік байқауы өткізілді.
Мәселен, «Үздік ТОП-100 студент» байқауында облыстан 6 студент жеңімпаз атанды. Ал 16-19 маусым аралығында өткен WorldSkills Jambyl-2025 облыстық чемпионатында үздік шыққан студенттер республикалық деңгейде бақ сынауға мүмкіндік алды.
— Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
— Бұл бағыт та басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда №8 Мойынқұм колледжінде «Дәнекерлеу ісі» және «Электрмен жабдықтау» мамандықтарына арналған шеберхана құрылысына 35,5 млн теңге бөлініп, 19 млн теңгеге нақты жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде 10,2 млн теңгеге агро-хаб кешені құрылып, қажетті жабдықтар алынуда. Жаңатас көпсалалы колледжінде Auto-Skills кешеніне 19,4 млн теңге, №9 Меркі колледжінде IT-хаб кешеніне 62 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
— Серіктестік мәселесіне келсек, колледждер мен өндіріс орындары арасында қандай байланыс бар?
— Бүгінде 98 меморандумға қол қойылып, 3607 студент дуалдық оқыту жүйесімен қамтылды. Бұл – еңбек нарығына икемді, сұранысқа сай маман даярлауда үлкен қадам. Мәселен, №7 Бетқайнар колледжіне «Сұлтан Бейбарыс» шаруа қожалығы тарапынан 232,2 гектар жер телімі берілді. Ал №9 Меркі колледжіне «Мерагро Холдинг» ЖШС есебінен 4,5 млн теңгеге токарь кабинеті салынып жатыр.
— Форсайт-сессия туралы айтып өтсеңіз. Қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
— 22 мамырда облыс әкімі мен сіздің қатысуыңызбен өңірлік форсайт-сессия өткізілді. Оған шетелдік және отандық 40-қа жуық инвестор, салалық мемлекеттік органдар қатысты. Нәтижесінде жұмыс берушілер сұранысына сай 570 мақсатты білім беру тапсырысы бөлінді. Жаңа оқу бағдарламалары әзірленіп, түлектерді жұмыспен қамту бойынша кәсіпорындармен тікелей келісімдер жасалды.
— Алдағы жоспарлар қандай?
— Алдағы уақытта да серіктестік бағытында ірі жобалар жүзеге асады. Мысалы, «KNAUF» ЖШС есебінен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде 25 млн теңгеге құрылыс хаб ашылады. ALT университеті мен Q университеті тарапынан IT және көлік саласына байланысты зертханалар ашуға қаражат тартылуда. Сонымен бірге, Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне 120 орындық жатақхана берілетін болады.
Қыркүйек айында «EuroSkills-2025» чемпионатына Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің 2 студенті қатыспақ. Бұл – халықаралық деңгейде үлкен жетістік. Ал 2026 жылы №9 Меркі колледжіне 100 орындық жатақхана салу жоспары бар.
— Қорытындылай келе, өңір жастары үшін қандай мүмкіндік ашылуда деп есептейсіз?
— Бұл бастаманың түпкі мақсаты – жастарды жұмысшы мамандыққа қызықтырып, нақты кәсіби бағыт беру. Қазіргі таңда кәсіби білім беру – жай білім алу емес, бәсекеге қабілетті болудың кілті. «Мамандық фест» кәсіби шеберлік байқауы да осы бағытта қазан айында өтеді.
Осылайша, Жамбыл облысы еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда үлгі бола алатынына сеніміміз зор.
— Сұхбатыңызға рақмет!