ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫ ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУДЫҢ ЗАМАНАУИ ЖОЛЫН ОЙЛАП ТАПТЫ
Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Әсіресе тұрмыстық қалдықтардың көлемі жылдан жылға артып келе жатқан қазіргі кезеңде оларды тиімді сұрыптау мен қайта өңдеу – табиғи ресурстарды үнемдеудің басты тетігі. Осы орайда жастардың жаңа технологияларды пайдалана отырып жасаған тың бастамалары қоғам үшін ерекше маңызға ие.
Солардың бірі – Жамбыл облысы Меркі ауданы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Амангелді Айымның жобасы. Ол «Ақылды қоқыс жәшігі» атты ерекше жобаны жүзеге асырды. Жобаның басты мақсаты – қалдықтарды дұрыс сұрыптауды насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тазалыққа тәрбиелеу.
Жоба қарапайым әрі қолжетімді Arduino платформасы негізінде жасалған. Arduino Uno – әлемде кеңінен қолданылатын микроконтроллер, ол түрлі датчиктер мен құрылғыларды басқара алады. Осы мүмкіндікті пайдаланған жас өнертапқыш қарапайым тұрмыстық қажеттілікті заманауи тәсілмен шешуге талпынды.
«Ақылды жәшіктің» жұмыс принципі өте қарапайым. Жәшікке жақындаған адамды ультрадыбыстық сенсор анықтайды. Қашықтық белгілі бір деңгейге жеткенде, Arduino сервомоторға сигнал береді де, қақпақ автоматты түрде ашылады. Адам кеткен соң 3 секунд ішінде қақпақ қайта жабылады. Бұл жүйе тұрмыстық гигиенаны сақтауға да ықпал етеді, себебі жәшікке қол тигізудің қажеті жоқ.
Өзінің жобасы жайлы Амангелді Айым былай дейді:
«Бұл жобаны жасау барысында мен тек инженерлік дағдыларымды дамытып қана қойған жоқпын, сонымен қатар экологияның адам өміріндегі маңызын терең түсіндім. Қоқысты сұрыптау – әркімнің күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Егер біз табиғатты аялауды бүгіннен бастасақ, болашақта таза әрі жайлы ортада өмір сүре аламыз. Ардуино платформасы арқылы өз ойымды жүзеге асырып, қоғамға пайдалы дүниені жасап көргеніме қуаныштымын».
«Ақылды қоқыс жәшігі» – тек бір оқушының ғылыми жобасы емес, ол бүкіл қоғамға үлгі боларлық бастама. Қалдықтарды қағаз, пластик, темір сияқты бөліктерге сұрыптап жинау қайта өңдеуді жеңілдетіп қана қоймай, табиғи ресурстарды үнемдеуге, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мұндай жоба оқушылардың техникалық сауаттылығын арттырады, олардың инженерлік қабілеті мен логикалық ойлауын шыңдайды. Бұл – болашақ мамандарды тәрбиелеудің, шығармашылыққа баулудың бір жолы.
«Оқушылардың жаңа технологияға деген қызығушылығын қолдау – біздің басты міндетіміз. Айымның жобасы – тек ғылыми ізденіс қана емес, сонымен бірге экологиялық тәрбиенің нақты көрінісі. Бұл жұмыс арқылы оқушы инженерлік ойлауын дамытып қана қоймай, қоғамға пайдалы идея ұсынды. Осындай бастамалар еліміздің болашағына сенім ұялатады»,- дейді Айымның ұстазы, жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Пермебаева Құндызай Мақсатқызы.
Жас өнертапқыштардың тың идеялары – еліміздің ертеңгі дамуының кепілі. «Ақылды қоқыс жәшігі» сияқты жобалар экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, ғылым мен технологияны өмірлік мәселелерді шешуге бағыттай алатынымызды көрсетеді. Адамзаттың ортақ үйі – Жерді қорғау әрқайсымыздың парызымыз. Осындай бастамаларды қолдау – табиғатты аялаудың, болашаққа қамқор болудың айқын көрінісі.