Білім

48 0

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ КЕШЕНДІ ШАРАЛАР

2024 жыл – Қазақстанда құқықтық базаны нығайту тұрғысынан маңызды жыл болды. Қабылданған үш негізгі заң елдің болашағы саналатын балалардың құқығын қорғау мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған пәрменді тетіктерді енгізді. 

 

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған 463 618 бала тұрады, бұл өңір халқының 41%-ын құрайды. Осындай жоғары көрсеткіш балаларға ерекше көңіл бөлуді талап етеді, ал мемлекет тарапынан қабылданған кешенді шаралар бұл міндетті орындауға бағытталып отыр.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың қыркүйегінен бастап бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтардағы 5–11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік мектептерде тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Бұл бастама балалардың денсаулығын нығайтып, сапалы білім алуға жағдай жасауға бағытталған. Облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 млрд. теңге бөлінді. Дені сау ұрпақ – сапалы ұлттың негізі десек, балалардың құнарлы тамақпен қамтылуына барынша ден қойылуда. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға 9,5 млрд. теңге қаржы бөлінді, оның ішінде жекелеген санаттағы 43198 оқушыға 3,9 млрд. теңге, 1-4 сыныптағы 71 230 оқушыны тамақтандыруға 5,6 млрд. теңге

 

Балалар құқығын қорғау саласындағы маңызды бастама – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету мақсатында тәлімгерлік институтын құру. Облыста 1 199 бала (573 жетім және 626 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған) тіркелген. Бұл балалардың мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде демалуына, қосымша үйірмелерге қатысуына мүмкіндік жасалды.

 

Жетім балалардың отбасында тәрбиеленуіне ерекше көңіл бөлінуде. Облыста 783 отбасындағы 1 092 бала қамқорлыққа алынып, олардың 812-і туыстарының қарауына, ал 280-і бала асырап алушы үміткерлерге берілген. Сонымен қатар, әр балаға ай сайын жәрдемақы уақытылы төленіп отырады.

 

Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқықтық жазаны күшейту мен әкімшілік жауапкершілік енгізу маңызды қадам болды. Балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін өңірде бірқатар жобалар іске асырылуда, соның ішінде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+», АИК және «KiVa» бағдарламалары ерекше рөл атқарады. 2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласуға мүмкіндік беретін QR-кодтар енгізілді. Сонымен қатар, Білім басқармасы жанынан Психологиялық қолдау орталығы ашылып, психолог мамандардың біліктілігін арттырумен қатар, оқушылар мен ата-аналарға 24/7 режимде тегін көмек көрсететін сенім телефоны ұйымдастырылды.

 

2023-2024 оқу жылында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 161 бала 9-сыныпты аяқтап, олардың 105-і колледжге, 55-і 10-сыныпқа, ал 60 бала 11-сыныпты тәмамдап, 44-і жоғары оқу орындарына түсті. Кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын енгізу және жетім балаларға қолдау көрсетуді күшейту осы бағыттағы негізгі заңнамалық өзгерістердің бірі болды.

 

Жалпы, Жамбыл облысында қабылданған шаралар балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғаудағы кешенді және жүйелі жұмыстардың көрсеткіші болып табылады. Балалардың құқығы қорғалған, дені сау және бақытты ұрпақ тәрбиелеу – еліміздің жарқын болашағының кепілі.


Ару ДАТАЕВА

ЖО әкімдігі білім басқармасының баспасөз бөлімінің жетекшісі

Написать комментарий

Подвердите что Вы не робот - [] *: