Қазақстан Президентін Наурыз мерекесіне орай құттықтауда
Наурыз мерекесіне орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде.
akorda.kz сайтына сілтеме жасап macinfo.kz хабарлайды.
АҚШ Президенті Джо Байден өз құттықтауында Мемлекет басшысына денсаулық және Қазақстан халқына бақ-береке тілеген.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Наурыз мерекесі Орталық Азия халықтарының ортақ мақсаты мен арманын білдіретін мейрам екенін атап өткен.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өз құттықтауында қазіргі күрделі әлеуметтік-экономикалық және геосаяси жағдайда өзара құрмет пен қолдаудың, достық пен бірліктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, өрлеу мен жасампаздықтың биік мақсаттарына үндейтін көктем мерекесінің жалпыадамзаттық құндылықтарының мәні арта түсетінін жазған.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің құттықтау жеделхатында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық бүгінде Наурыз мейрамының ежелгі дәстүрлерін сақтап келе жатқан халықтарымыздың мүддесі жолында одан әрі дамып, нығая түсетініне сенім білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өз құттықтауларын Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдат Әміреев, Кавказ мұсылмандар басқармасының төрағасы, ТМД дінаралық кеңесінің төрағалығын қоса атқарушы шейх-уль-ислам Аллахшүкір Паше-заде, "Шеврон" корпорациясы еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, Байқоңыр қаласы қалалық әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин және басқалары жолдады.
Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсуде.