Мәдениет

128 0

«Әз Наурыз Әулиеата өңірінде қалай тойланады?»

Наурыз мейрамының халқымыз үшін маңызы ерек! Сол себепті аталған мейрамды жыл сайын ерекше атап өту аса маңызды деп ойлаймын. 

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан «Наурыз» мейрамына дайындық жұмыстары жүргізілуде.  Дайындық жұмыстары туралы баяндап өтсем: мерекенің концепциясына сәйкес, іс-шара өтетін алаң тұтас бір этноауылды құрайтын бірнеше аймақтан құралатын болады. 



Алаңға кіре беріске Ұлы Жібек жолының бойындағы қамалдың кіре берісі іспетті, шығыс стилінде «АРКА» жасалады. 

Арканың екі жағында екі-екіден 4 алып батыр тұрады. Бойлары екі метр болатын батырлардың қолында қыран бүркіт, жетегінде тазы иттер болады. 

Келген меймандарды ұлттық киімдегі жиырмаға жуық әжелер қарсы алып , Наурыз мерекесіне тілектерін, ұлттық әндерін айтып, шашу шашып тұрады. 

Алаңда Шеберлер ауылы болады. Мұнда қолөнер шеберлері (тоқыма шеберлері, зергерлер т.б.) мастер-класстар өткізіп, бұйымдар жасап отырады. 

Сонымен қатар, 2 әуе шары болады деп отырмыз. Шарлардың сыртына «Әз Наурыз», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деген жазулармен безендіріледі. 

Алаңдағы келесі бөлім садақ ату, одан кейін «Топжарған» этно өнер орталығы көшпенді халықтардың жауынгерлік ойындарын көрсетеді. Мұнда тек ойындар ғана көрсетіліп қоймай, жиналған халыққа оның мән-мағынасы түсіндіріліп отырады. 

Негізгі іс-шара өтетін сахнада мерекелік шара театрландырылған көрініспен басталып (жаршылар, дауылпаз, Абыз, көш-керуен, тарихты жазушы, Қыдыр ата), балалар хорымен жалғасады.

КӨШТІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

1-көш.   Сақтар көші;

2-көш. Қарахан дәуірі (Қарахан, Айша бибі бастаған көш); 

3-көш. Қазақ хандығы (Керей мен Жәнібек, Абылай, Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би, батырлар бастаған көш-шеру);

4-көш. Сал-серілер (Ақан сері, Біржан сал бастаған сал-серілер көші. Сал-серілер ән орындап, сауық-сайран құрып кетіп барады);

5-көш. Алаш арыстары мен Абай көші (Абай, Ыбырай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Тұрар, Шәкәрім бастаған көш); 

6-көш. Жеңіс көші (Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұловалар бастаған көш);

7-көш. Мәдени майдан (Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқовтар бастаған шеру көш); 

8-көш. Тәуелсіздік тарландары (Тәуелсіздіктен кейінгі Тараз өңірінен шыққан атақты адамдар, ақын-жазушылар, спортшылар, актерлар шеруі). 

Хордың әні аяқталғаннан кейін сахнаға қолына сұңқарын ұстаған құсбегі шығады. Құсын көкке ұшырып, шоу қылып аяқтайды. 

Іс-шара өтетін алаңда тематикалық 10 киіз үй орналасады. Әр шаңырақтың өз тақырыбы бар. Бұл үйлерде халықпен интерактивті ойындар, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер, мастер-класстар өткізіледі. 

5 киіз үй музей іспетті болады. Олар Абай, Жамбыл, Кенен, Алаш, Батырлар ауылына арналады. Мұнда тақырыпқа байланысты экспонаттар қойылып, жұртшылық тамашалай алады.

Сондай ақ, алаңда ұлттық тағамдар аймағы, ұлттық ойындар алаңы жабдықталады. 

Халық арасында өнерпаздар, садақшы қыздар, сұңқармен құс ілу өнерін көрсететін құсбегі қыз-жігіттер, ежелгі жауынгерлік өнерді паш ететін жауынгер жігіттер, алып батырлар халықпен қоян-қолтық қарым-қатынаста болады. Олардың бегілі бір фотозоналарда халықпен бірге болуына жағдай жасалады.

Жоғарыда атап өткен көріністердің барлығы үздіксіз қайталанып тұрады. Бұл Наурыз-думанды тамашалауға келген қонақтарға этно ауылмен толық танысып, біте қайнасуына мүмкіндік беріп, ұмытылмас эмоция сыйлары сөзсіз. 

Сонымен қатар, сахнада эстрада жұлдыздары мен облыс өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады (Наркенже Серікбаева, Ернар Айдар, Алатау серілері).                    

Басты мақсат – Наурыздың нағыз халықтық мереке екенін көрсету.


Ерлан Жүнісбай

облыс  әкімдігінің мәдениет,архивтер 

 және  құжаттама басқармасының басшысы 

Написать комментарий

Подвердите что Вы не робот - [] *: