Мәдениет

27 0

ТОҚПАНОВ ТЕАТРЫНДА ШЕКСПИРДІҢ ШЕДЕВРІ ЖАҢА ҮНМЕН СӨЙЛЕДІ

"А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры көрерменін әлемдік классиканың жауһар туындысы – У.Шекспирдің “Ромео мен Джульетта”трагедиясының жаңа сахналық нұсқасымен қуантты", - деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі.

4–5 сәуір күндері көпшілік назарына ұсынылған премьера – театр репертуарын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болды.

Қойылымды Беларусь елінен арнайы шақыртылған жас режиссер - Даниил Филиппович сахналады. Хореографы – Вадим Дубовик, сценографиясы – Айгерім Амангелді, музыкалық әрлеушілері – Жасұлан Нурадинов пен Берік Жорабеков.

Трагедияның жүрек сыздатар оқиғасын талантты актерлер құрамы жаңа қырынан ашып көрсетті. Джульетта рөлінде – Аружан Райымбек, ал Ромео бейнесін – Нұрасыл Шегетай сомдады. Сонымен қатар, сахна төрінде ҚР Мәдениет саласының үздіктері – Жадыра Құлтаева, Мәмбет Қожалиев, Кенен Ақүрпеков сынды тәжірибелі әртістер өнер көрсетті.

Қойылым – тек махаббат жайлы емес. Бұл — татуласпаған көңіл мен кекшіл ниеттің арты неге апаратынын ұғындыратын, жастар сезімі мен ащы шындықтың қақтығысын көрсететін көркем туынды. Театр ұжымы Шекспир әлемін заманауи сахналық тілмен сөйлетіп, көрермен жүрегіне жол тапты.

Көрермен қауым қос ғашықтың тағдырын жанарында жаспен, жүрегінде шынайы әсермен қабылдап, қойылым соңында шығармашылық құрамды ұзақ қошеметпен шығарып салды.






Написать комментарий

Подвердите что Вы не робот - [] *: