30 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуы ықтимал.
Ресейге салынып жатқан санкция салдарынан қазақстандық құрылыс саласында 30 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуы ықтимал. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев айтты, деп жазады macinfo Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Оның сөзінше, Ресейге салынып жатқан санкциялар отандық құрылыс саласына кері әсерін тигізіп жатыр. "Біздің одақ еліміз бойынша 1200-ден астам құрылыс саласы ұйымдарының басын біріктіріп отыр. Бүгінде Ресейге салынып жатқан санкцияларға байланысты отандық құрылыс саласы айтарлықтай қиындыққа тап болуда. Құрылыс материалдары қымбаттауының екінші толқыны басталды", - деді Талғат Ерғалиев.
Одақ басшысы елімізге құрылыс материалдарын жеткізуде де проблема бар екенін жасырмады. Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу бойынша сметалық жобада көрсетілген баға мен қазіргі нарықтағы бағаның арасы жер мен көктей. "Одан бөлек, көрші елдегі санкциялардың салдарынан 30 мыңнан астам құрылысшы жұмыссыз қалмақ. Сонымен қатар 600-ден астам құрылыс нысаны қаржысыз қалды. Осы орайда шұғыл түрде алдын алу шарасын қабылдау қажет", - дейді Талғат Ерғалиев.