КИІЗГЕ ЖАН БІТІРГЕН ЖАСТАР: ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТЫҢ БАСТАМАСЫ
Киіз – қазақ халқының тұрмысында ғасырлар бойы кеңінен қолданылып келе жатқан табиғи әрі экологиялық таза материал. Ол қой жүнінен дайындалып, ерекше жылу сақтағыш қасиетімен, ұзаққа шыдамдылығымен және сәндік мәнімен ерекшеленеді. Киізден жасалған бұйымдар тек күнделікті тұрмыста ғана емес, ұлттық өнер мен мәдениеттің айнасы болып табылады.
Осы ұлттық мұраны жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында Жамбыл облысы Қордай ауданы №16 Михаил Лермонтов атындағы орта мектепте «Киіз АРТ» жобасы табысты жүзеге асырылып келеді.
Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, ұлттық дәстүрді жаңғырту және еңбекке баулу. Шәкірттер киізден тұрмыстық бұйымдар, сәндік кәдесыйлар және әшекейлер жасап, қолөнердің қыр-сырын меңгеруде. Әр жасалған жұмыс тек әдемілікке ғана емес, ұқыптылық пен шыдамдылыққа тәрбиелейді.
Жоба жетекшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Хия Зухр: «Киіз АРТ» – оқушылардың қолөнерге деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталған жоба. Балалардың еңбексүйгіштікке, кәсіпкерлікке бейімделуі – біздің басты жетістігіміз», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, оқушылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға да көңіл бөлінген. Әр бұйымның шығыны мен пайдасы арнайы күнделікке жазылып, есеп жүргізіледі. Ал түскен пайда жаңа материалдар сатып алуға жұмсалып, жобаның одан әрі өркендеуіне жол ашуда.
Жобаға қатысып жүрген 10-сынып оқушысы Маахунова Наиля өз ойымен бөлісті: «Бұл жобаға қатысу арқылы киізбен жұмыс жасауды үйреніп қана қоймай, шыдамдылық пен табандылықты меңгердім. Әр бұйымды жасаған сайын ұлттық өнерімізге деген мақтаныш сезімі артады. Болашақта осы тәжірибе өмірде де үлкен пайдасын тигізетініне сенімдімін», – дейді ол.
Мектеп ұжымы мен оқушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде «Киіз АРТ» жобасы оқу-тәрбие үдерісін байытып, балаларды ұлттық мәдениетке құрметпен қарауға баулуда.