12-18 жас аралығындағы балалар және жүкті әйелдермен бала емізуші әйелдерге «Pfizer» вакцинасын егу басталды
Бүгін Қызылорда облысында 12-18 жас аралығындағы балалар және жүкті әйелдермен бала емізуші әйелдерге арналған «Pfizer» вакцинасын егу басталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов мәлімдеді, деп хабарлайды MACinfo.kz Kyzylorda-news.kz-ке сілтеме жасап.
Алғашқы болып медициналық колледждің студенттері екпе алуды бастады. 70 студентке ата-аналарының келісімімен вакцина салынуда.
Жалпы, Қызылорда облысы «жасыл» аймақта. Өткен тәулікте 18 жағдай тіркелді. Емделіп шыққаны 96 пайызды құрайды. Облыс бойынша инфекциялық стационарда – 163 науқас, реанимациялық төсек-орында 21 науқас ем қабылдауда. Вакцинациялау жұмыстары басталғалы бері облыста вакцинацияның 1 компонентімен егілгендер саны – 385 601, халықтың қамтылуы 85,2 пайызды құрады. Екінші компонентпен – 320 783 адам салдырған.