Мемлекет басшысы Қарағайлы саябағына барды
Президентке Алматы қаласын көркейтуге бағытталған алдағы жұмыс жоспары мен көгалдандыру ісінің ауқымы туралы есеп берілді. Мемлекет басшысына «Жасыл Алматы» бағдарламасы аясында қала бойынша 3 жылда 1 миллион түп көшет отырғызу жоспарланғаны жөнінде баяндалды. Биыл 350 мың көшет егу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта саябақтың аумағын 63 гектарға дейін кеңейту көзделіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Іле Алатауы табиғи паркі мен Алматы қорығы аумағында саяхатшылар мен альпинистердің қауіпсіздігі мен жайлы демалысы үшін салынған шағын үйлер көрсетілді. Олар жылыту пештерімен және төтенше жағдайда қажетті құтқару құралдарымен жабдықталған.
Мемлекет басшысы саябаққа тал егіп, қала тұрғындары мен қонақтардың жайлы демалуына, қауіпсіздігіне және қоршаған ортаның тазалағына баса мән берілген жұмыстардың жалғаса беретініне сенім білдірді.