Қанат Бозымбаев пен жақында ұсталған Қайрат Сатыбалдыұлының туыс екені рас па
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында жақында ұсталған Қайрат Сатыбалдыұлы өзінің туысы ма деген сұраққа жауап берді деп жазады macinfo.kz Nur.kz сілтеме жасап.
Журналист қазір Алматы облысы әкімінің Қайрат Сатыбалдыұлымен туыстық қарым-қатынасы жайлы мәселе қызу талқыға түсетінін айтты. Бұл сұраққа Қанат Бозымбаев тек жымиып жауап берді. "Менің жымиған себебім, бұл таза жалған ақпарат. Менің Сатыбалды тегіндегі адамдарға еш қатысым жоқ. Бірақ менің қайын атамның, яғни, жұбайымның әкесінің есімі Сатыбалды. Ал оның тегі бөлек, Серікбаев. Ол - сыйлы адам, биыл 75 жасқа толып жатыр. Ол - біздің елге еңбегі сіңген құрылысшы, жобалаушы. Оның да бұл жанұяға (Қайрат Сатыбалдыұлына - ред) еш қатысы жоқ"- деді өңір басшысы.
Айта кетейік, осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталып, тергеу изоляторына қамалғанын хабарлаған болатын. Агенттік оның мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. 15 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оған қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.