Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тараз және Түркі өркениеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті
Конференцияның пленарлық отырысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Конференция модераторы - Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі болды.Пленарлық отырысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы - Қуат Бораш арнайы шақыртылды. Ол министрліктің өкілі ретінде Мәдениет және спорт министрі - Ақтоты Райымқұлованың конференция қатысушыларына арналған құттықтау сөзін жеткізді.
Конференция барысы «Тараз және Түркі өркениеті», «Ұлы Атлах шайқасы», «Ұлы Талас құрылтайы», «Мәңгілік ел идеясы» тақырыптарындағы төрт секция бойынша жүзеге асты.
Конференцияда Түркі халықтарының тарихындағы ұлы оқиғалардың көбісі Тараз өңірінде тоғысып, әлемдік тарихнаманың ірі бетбұрысына айналғаны туралы және көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде түркі елдерінің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі мен ұлт болып қалыптасу процестерінің түп тамыры да ортағасырлық түркі этногенездерінің бірігу саясатында жатқаны жөнінде терең ой қозғалды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғали, сондай-ақ, Мадияр Елеуұлы, Ералы Ақымбек, Берекет Кәрібаев, Мұхтар Қожа сынды профессор-ғалымдар конференцияға арнайы шақырылған қонақтар қатырынан табылды. Тек республикалық деңгейде емес, әлемдік деңгейде өткен шараға АҚШ, Жапония, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары да онлайн және офлайн форматта қатысып, пікір алмасты.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша: конференцияны ұйымдастыруда қолжеткізгілері келген негізгі нәтиже - Түркі өркениетіндегі түркі тілдес ұлттар арасындағы байланысты одан әрі нығайта отырып, жалпы ұлттық мақсат – Ұлы Дала елін «Мәңгілік елге» айналдыру.
Ғалия АБЫЛАЙ
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және
құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы