«ҰЛЫ ТАЛАС» ШАЙҚАСЫ БОЛҒАН ТАРИХИ АЙМАҚТЫ ТУРИСТІК КЕШЕНГЕ АЙНАЛДЫРУ КӨЗДЕЛУДЕ
«Ұлы талас» шайқасы болған тарихи аймақты туристік кешенге айналдыру көзделуде, деп хабарлайды macinfo.kz Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жаңалықты Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баяндады.
Оның айтуынша, «Ұлы Талас» шайқасы отандық археология ғылымында кенжелеп қалған тақырып. Дәл бүгінгі күнге дейін аталған аймақта кешенді түрде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген.
Биылғы жылы Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, зерттеу барысында табылған заттай деректерді негізге ала отырып, тарихи оқиға орын алған аумақты ашық аспан астындағы музейге айналдыру көзделіп отыр.
«Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқалы жатқан археологиялық ғылыми-зерттеу жұмысына Жамбыл ауданының Бесағаш ауылының маңында орналсқан ерте орта ғасырлық қалалар алынып жатыр. Сонымен бірге, Бесағаш ауылының маңында орналасқан Ақтөбе, Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралық аумағында орналасқан Қарасу ерте ортағасырлық елді-мекені енгізіліп отыр. Жалпы 400 гектардай жерде сәуір айынан бастап кешенді түрде зерттеу жұмысы басталады, - деді Сауран Қалиұлы.
751 жылы Тараз қаласының оңтүстік аймағында болған Атлах шайқасы - бүкіл Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасын өте қатты өзгерістерге ұшыратуға себеп болған ірі шайқас. Сондықтан, ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесі туристерді тарту мәселесінде де тиімді нәтижелерге қолжеткізуге септігін тигізеді деген болжам бар.