Қазан айында Қазақстанның қай өңірлері бағаның ең жоғары өсуіне тап болды?
"Қазақстан Ұлттық Банкінің" қазан айындағы есебіне сәйкес инфляция 0,7% құрады (қыркүйекте – 0,4%). Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,7%-ға (қыркүйекте – 0,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 1,0%-ға (қыркүйекте – 0,6%), ақылы қызметтер бағасы 0,5%-ға өсті (қыркүйекте – 0,7%). Жылдық инфляция 8,9% құрады (қыркүйекте – 8,9%).
Өңірлер бойынша жылдық инфляцияның өсімінің жеделдеуі 7 өңірде, бәсеңдеуі 6 өңірде байқалып, 4 өңірде бағаның өсу қарқыны өзгеріссіз қалды. Бағаның өсу қарқынының ең айқын жеделдеуі Түркістан (қыркүйектегі 9,2%-дан қазандағы 9,6%-ға дейін) және Солтүстік Қазақстан (8,4%-дан 8,7%-ға дейін) облыстарында орын алды. Қалған өңірлерде жылдық инфляция айтарлықтай өзгерген жоқ (+/-0,2%). Жылдық инфляция 7 өңірде жалпы республикалық деңгейден жоғары болды, олардың ішінде ең үлкен мән Маңғыстау облысында байқалды (9,9%).
Қазақстанда азық-түлік тауарлары бір жылда 11,3%-ға (қыркүйекте – 11,5%-ға) қымбаттады. Ең төменгі өсу Нұр-Сұлтан қаласында (10,4%), ең жоғары өсу – Маңғыстау облысында (13,0%) байқалды. Ел бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 7,8%-ға (қыркүйекте - 7,5%- ға) өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ең жоғары өсуі Ақтөбе және Қарағанды облыстарында (8,7%-дан), ең төмен өсуі – Алматы қаласында тіркелді (7,3%). Елімізде ақылы қызметтер 6,9%-ға (қыркүйекте - 6,8%-ға) қымбаттады, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында бағаның өсуі 7,9% құрады, Алматы облысында ақылы қызметтер бағасы әлдеқайда төмен қарқынмен өсті (6,1%).
Қазанда айлық ТБИ-не азық-түлік тауарлары инфляциясының қосқан үлесі (0,31 п.т.) азық-түлікке жатпайтын тауарлар (0,25 п.т.) мен ақылы қызметтер (0,14 п.т.) инфляциясының қосқан үлесінен жоғарырақ болды. Азық-түлік инфляциясына ең жоғары үлес қосқан жемістер мен көкеністер (0,15 п.т.), ет және ет өнімдерінінің қосқан үлесі айтарлықтай төмендеді (қыркүйектегі 0,11 п.т.-тан қазандағы 0,04 п.т. дейін), сонымен қатар жұмытрқаның қымбаттауы, оның инфляцияға қосқан үлесін 0,001 п.т.-тан 0,05 п.т. дейін арттырды (5-сурет). Жалпы ел бойынша азық-түлік бағасы бір айда 0,7%-ға өсті (қыркүйекте – 0,1%). Азықтүлік тауарларының ең жоғары қымбаттау қарқыны Шығыс Қазақстан (1,2%), Павлодар және Солтүстік Қазақстан (1,1%-дан) облыстарында орын алды.