Білім

85 0

БАЛАЛАР ҮНІН ЕСТУ – БАСТЫ МАҚСАТ: «БАЛАНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ»

Бүгін «Бала үні» шарасы аясында Тараз қаласы№30 мектеп-гимназиясында «Баланың әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Шара қатысушылары балалар шығармашылығы мен жобаларының көрмесін тамашалаудан бастады.

Іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың ұсыныстарын тыңдау, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты бастамаларды талқылау және тиісті органдарға жолдау болды.

Формат еркін пікір алмасуға негізделіп, ашық диалог алаңына айналды. Балалар өз ойларын еркін білдіріп, болашаққа бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Шараға білім басқармалары мен бөлім басшылары, мектеп директорлары, сынып жетекшілері, белсенді оқушылар, ата-аналар, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.


«Балалар үні» атты ашық диалог бөлімінде жас көшбасшылар өз жобаларын таныстырып, қала мен мектеп өміріне қатысты маңызды бастамаларын ұсынды:

  •        №12 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Есенғали Жұлдызай – «Балалар үні естілетін қала» жобасы;

  •        №24 гимназияның 10-сынып оқушысы Галахов Руслан – «Мәдениет пен білім орталықтарын көбейту»;

  •        №45 гимназияның 9-сынып оқушысы Ердос Жарқын – «Аулада гүлзарлар мен көгалдандыру»;

  •        №1 гимназияның 9-сынып оқушысы Шайкрамов Исмаил – «Ауладағы қауіпсіздік»;

  •        №8 гимназияның 9-сынып оқушысы Райымқұл Жансезім – «Ортақ демалыс орындары»;

  •        №24 гимназияның 9-сынып оқушысы Такенов Даурен – «Балаларға арналған қоғамдық көлік картасын жасау»;

  •        №3 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Тураров Алихан – «Балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын жаңарту».

Жиын соңында Жамбыл облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Кзылкулова Ләззат Әбілдақызы қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлеп, балалардың бастамаларын жоғары бағалады. Сонымен қатар, белсенді оқушылар мен жеңімпаздар арнайы марапатталды.

Айта кетейік, іс-шарадағы модераторлықты аталған мектептің 10-сынып оқушысы, Мектеп Президенті Даулетқұлова Мерей атқарды.

Бұл басқосу – балалардың пікірі ескерілетін қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Жиналған ұсыныстар нақты жобалар түрінде жүйеленіп, ескерілетін болады. Бұл – балалардың үні шынымен естілетін, олардың әл-ауқаты мемлекеттің басты назарында екенін көрсететін жарқын үлгі.

Написать комментарий

Подвердите что Вы не робот - [] *: