Білім

14 0

Ұлттық құндылықтар – білімнің алтын арқауы

Қазақ халқы өзіне тән ұлттық мұраларын тек өткеннің еншісіне беріп қоймай, оны көркем әдебиеті мен күнделікті тіршілігінде де жоғалтпай, жаңғыртып отырған кеңпейіл ел. Тарих үнсіз қалған тұстарда, әдебиет сол ақтаңдақты толтырып, рухани байлықтың қайнар көзіне айналғаны тағы бар. Сондықтан қазіргі жаһандық даму мен бәсекелестіктің үдеген тұсында, халқымыздың төл құндылықтарын құрметтеп, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру – аса өзекті міндет.

Білім мен бәсекелестік қатар жүретін бүгінгі заманда жас ұрпақтың дүниетанымы, ең алдымен, өз халқының рухани негізі мен көзқарасы аясында қалыптасуы қажет. Бұл – еш дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мұны тереңнен тамыр тартқан төл тарихымыз әлдеқашан айғақтап берген. Айталық, қазақ халқының дара болмысына айналған Абай жөнінде кең көлемде зерттеу жүргізген абайтанушы ғалым Мұхтар Әуезов өз еңбектерінде Абайдың рухани нәр алған үш қайнар бұлағының алғашқысын – туған жұрты деп нақты атап өтеді. Бұл – әдебиеттің жай ғана сөз өнері емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көркем өнер екенін айқын дәлелдейді. Ықылым замандарда әдебиеттің көрнекті өкілдері ұлттық құндылықтардың маңыздылығы мен мәнін ашып, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра ретінде қалдырса, бүгінгілер үшін оны тәжірибиемен тоғыстыру міндеті тұр деп айтар едім. Өйткені, технологияның қарыштап дамыған дәуірі, расында теория мен тәжірибиенің тұтастығын талап етеді. Осы орайда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде ұлттық құндылықтарды пән мазмұнына кіріктіру бағытында арнайы авторлық жоба әзірледім. Бұл жоба қазіргі таңда іс-тәжірибеде қолданылып, әріптестеріммен бөлісу арқылы білім беру жүйесіне енгізіліп келеді.

Бұл жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ұлттық құндылықтарды оқушыларға тек ақпарат ретінде ұсыну ғана емес, оны саналы түрде қабылдауына, ұлттық болмысын қалыптастыруына ықпал ету. Тіл мен әдебиет – тек коммуникативтік құрал емес, олар – ұлттың тарихи жадын, дүниетанымын, рухани құндылықтарын сақтайтын ең басты тірек. Сондықтан, менің әзірлеген әдістемелік тәсілдерімде қазақтың салт-дәстүрлері, тарихи тұлғалары, ұлттық тәрбие мен қазақы дүниетаным сабақ мазмұнымен тығыз байланыста қарастырылады.

Бүгінде авторлық жұмысым сабақ барысында түрлі әдістер арқылы жүзеге асуда. Оқушыларға қазақ әдебиеті шығармаларын талдау кезінде ұлттық құндылықтарға басымдық беру, мәтіндерді этномәдени тұрғыдан зерттеу, шығармашылық тапсырмалар арқылы олардың бойына ұлттық сана мен ұлттық рухты сіңіру әдістері кеңінен қолданылып келеді. Кез келген мұғалім белгілі бір жобаны әзірлесе, ол негізгі нысан ретінде оқушыларды ғана қарастыруы аздық етеді. Оның іс-тәжірибеде кеңінен таралуы үшін мұғалімдерді де мақсатты аудитория ретінде қарастыру – жобаның болашағын жарқын ете түспек. Осы ұстаным негізінде жобаны жазу барысында да, жазғаннан кейін де әріптестер арасында қызу талқыға салуды назарда ұстап келемін. Соның нәтижесінде бұл жұмыс әріптестер арасында да үлкен қызығушылық тудырып отыр. Мен өз тәжірибемді әртүрлі семинарлар, әдістемелік отырыстар, шеберлік сыныптарында бөлісіп, өзге мұғалімдерге ұсынып жүрмін. Әртүрлі форматтағы жиындарда іс-тәжірибемді ортаға салу барысында мұғалімдер арасында ұлттық мазмұндағы сабақтарға деген сұраныстың жоғары екенін байқадым. Өйткені, бұл – жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарытудың ең тиімді жолдарының бірі.

Ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру үрдісі мынадай маңызды нәтижелерге алып келеді: біріншіден - оқушылардың ұлттық сана-сезімі артады, екіншіден - қазақ әдебиеті мен тілін меңгеруге деген қызығушылық күшейеді, үшіншіден - тарихи және әдеби тұлғаларға деген құрмет қалыптасады, төртіншіден - қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрпына терең бойлау арқылы рухани дамиды.

Бұл әдіс әсіресе қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептер, лицейлер, гимназиялар, сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептер үшін өте маңызды.

Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды дәріптеу тек білім саласының ғана емес, тұтас қоғамның міндетіне айналуы тиіс. Біздің болашағымыз – өскелең ұрпақтың рухани түп-тамырымен мықты байланыста болуы. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысымды жалғастырып, авторлық жобаны кең ауқымда таратуға ниеттімін.

Алдағы уақытта тәжірибемді өзге өңірлердегі әріптестеріммен бөлісіп, республикалық деңгейде семинарлар өткізу, әдістемелік құралдар әзірлеу жоспарымда бар. Егер әр мұғалім өз пәнінде ұлттық құндылықтарға көңіл бөліп, оны сабақ үрдісіне тиімді енгізе білсе, біз ұлттық тәрбиені біліммен ұштастыра отырып, болашаққа берік қадам басар едік.

Ұлттық болмысы берік, рухани санасы жоғары ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ұстаздың парызы. Осы мақсатқа жету жолында әріптестеріммен бірлесе жұмыс істеуге әрдайым әзірмін. Ұлттың жаны – оның тілі мен әдебиетінде. Олай болса, ұрпақтың санасына ұлттық рухты сіңіру – баршамыздың қасиетті міндетіміз екендігін ұмытпағанымыз абзал!

 

Назира Бектіғұлова

И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жамбыл облысы, Меркі ауданы

Написать комментарий

Подвердите что Вы не робот - [] *: