Білім

45 0

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖАҢА БІЛІМ ОРДАЛАРЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Білім – ұлт болашағының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруге ерекше мән беріп, мектеп инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп келеді. Осы орайда қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – Қазақстандағы білім беру сапасын арттырып, балалардың заманауи әрі қауіпсіз мектептерде оқуына мүмкіндік беретін маңызды бастама. Бұл жоба еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа мектептер салу арқылы оқушы орны тапшылығын азайтуға, апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға, сондай-ақ білім беру ортасының сапасын жақсартуға бағытталған.

 

Жамбыл облысы бұл бастаманы белсенді түрде қолдап, өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруда. 2023 жылы облыста 7 жайлы мектептің құрылысы басталып, оның 3-еуі 2024 жылы пайдалануға берілді. Атап айтсақ. Байзақ ауданында 1 мектеп берілсе, Тараз қаласында Бәйтерек және Ұлы дала мөлтек аудандарында 2 мектеп оқушылар игілігіне берілді. Нәтижесінде Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінде үш ауысымда оқыту мәселесі шешілді.


 

Алдағы жылы бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, 2025 жылы тағы 4 мектептің құрылысы аяқталады. Бұл нысандар оқушыларға заманауи талаптарға сай жабдықталған, жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын ұсынатын болады.

 

Бүгінде Жамбыл облысында 1 ғана үш ауысымды мектеп қалып отыр – Қордай ауданы, Қарасу ауылындағы №7 орта мектеп. Мұнда оқушы санының артуына байланысты үш ауысымды оқыту жүйесі енгізілген. 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептің салынуы бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Осылайша, өңірде үш ауысымда оқыту тәжірибесі толығымен жойылады.

 

Білім беру саласындағы реформалар мен ұлттық жобалар ел ертеңі үшін маңызды қадамдардың бірі. Жаңа мектептердің ашылуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді. Сондай-ақ, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты жоймақ. Заманауи білім беру ортасының қалыптасуы – ұлттың келешегі үшін жасалған игі іс. Жамбыл облысында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік туғызып, жаңа буынның жан-жақты дамуына ықпал ететін болады.

 

Болашақта білім сапасын одан әрі көтеру мақсатында осындай жобалар жалғасын таба бермек. Еліміздің әрбір баласы жаңа, жайлы және заманауи мектепте білім алып, өз болашағына сенімді қадам жасайды деген сенімдеміз. 

Написать комментарий

Подвердите что Вы не робот - [] *: