Көсемнің сүйегі елге қашан әкелінеді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапары Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды.
Қандай керемет, бауырлас мемлекеттің басшысы сенің тарихи көсеміңе бас иіп тұрғаны. Мақтаныш емес пе?!
Құдайға шүкір, қазаққа ХХ ғасырда талай тұлғаларды берді. Әйтсе де сол Ататүріктен асып кетпесе кем түспейтін біздің қазақта Әлихан Бөкейхан деген ірі қайраткер бар. Расында да қазақ ұлтының көсемі Әлекеңнің орны бөлек. Шіркін, қазақ жеріне табаны тиген әрбір өзге елдің Президентері де біздің Кәрі Көсеміміз яғни Қыр баласының басына тағзым етіп барып іске кіріссе ғой, алаш баласының рухы қанаттанар еді.
Бірақ ол күн қайда-а-а?
Жарықтық Әлекеңе туған жер топырағы бұйырмады ғой. Кеңестік кеңкелес үкіметтің өкілдері 71 жасында Мәскеуде атып, Дон зиратына жерлеген. Содан бері сүйегі жат жерде жатыр.
Ендігі арман бүгінгі ақ жағалы ағалар Кәрі Көсемнің сүйген Елордаға жеткізсе немесе үлкен ескерткіш тұрғызса, оны бүкіл нәсілі қазақ түріктер Ататүрікті құрметтегендей қастерлесе кейінгі ұрпақ алдында азаматтық арождан болар еді.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, тәні рахатта, жаны жанатта болғыр марқұм Әлихан атамыздың сүйегі туған жерге оралып жатса қазақ рухтанар еді, тарихын тағы таныр еді.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ