Елдос Сметов Лондонға қоныс аударды
Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов отбасымен Лондон қаласына қоныс аударды, деп хабарлайды macinfo.kz «Jambylinfo» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Спортшы Тұманды Альбион еліне тіл үйрену мақсатында кеткен. Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтің айтуынша, шәкіртінің Лондондағы оқу курсы 4 айға созылады. Ал Елдос Сметовтың өзі бір сұхбатында әйгілі жапондық дзюдошы Наохиса Такато екеуі дос екенін айтып, екеуара тілдесуге ағылшын тілін білмеуі кесірін тигізетінін алға тартқан.
Айта кетейік, Елдос Сметов 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алтын салып, қазақстандықтарға қуаныш сыйлаған болатын. Сондай-ақ, ол - үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысып, үшеуінде де жүлде алған жалғыз қазақстандық.