Атырау облысында ұлттық ат спортынан батыс аймақтық турнир өтті
Атырау облысында ел Тәулесіздігінің 30 жылдығына орай ұлттық ат спортынан «SULO CUP» батыс аймақтық ашық турнирі өтті, деп хабарлайды MACinfo.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, турнир 12-13 қарашада Махамбет ауданының Кеңөріс ауылында өтті.
24 шақырымдық аламан бәйгеде бірінші орынды Маңғыстау облысының шашасына шаң жұқпаған «Мұзбалақ» аталған жүйрігі иеленіп, иесі – Нысанбек Таңатаровқа 2 млн теңге берілді. Екінші жүлде – 1 млн теңгеге маңғыстаулық «Ақжауынның» иесі Ералы Ибашев ие болды. Мәреге үшінші болып Батыс Қазақстан облысынан Нұрбек Сағынбаевтың «Қаңтәңір» жүйрігі жетті. Тұлпар иесіне 500 мың теңге табыс етілді.
Құнан бәйгенің қашықтығы 9 шақырымды құрады. Бұл додада бір-бірімен ауыздық тірескен үш жүйрік анықталды. Мәре сызығын бірінші қиған – батысқазақстандық Бекзат Өмірғалиевтың жүйрігі. Жеңімпаз жануардың иесі 500 мың теңгені иеленді. Одан кейінгі екінші жүлдені Ақтөбе облысынан қатысқан Нұрлыбек Балымбековтің құнаны алып, иесі 300 мың теңгемен марапатталды. Ал үшінші орынның 200 мың теңгесі Атырау облысының Жылыой ауданының тұрғыны Алдоңғар Мырзағалиевке берілді.
Сондай-ақ, көкпаршылардың сайысы тартысты өтті. Бұл додада Маңғыстау облысының намысын қорғаған «Адай ата» командасы өзге командалардан басым түсіп, 3 млн теңге ұтып алды. Бұдан кейінгі орындарды Атырау қаласынан қатысқан екі команда өзара бөлісті. Екінші орын алған «Сүлеймен» командасы 2 млн теңгенің, үшінші орынды қанағат тұтқан «Сарайшық» командасы 1 млн теңгенің жүлдесін иеленді.
Айта кетейік, турнирді «Suleimen Promotions» ЖШС ұйымдастырды. Оған Атырау облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасы мен Махамбет ауданының әкімдігі қолдау білдірді.
Автор Бек Мұстафа