Дәурен Абаев Андорра княздігінің басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді
Қысқы және тау туризміне арналған дүниежүзілік 11-ші конгрес аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Андорра Үкіметінің басшысы Хавьер Эспотпен, Андорра Сыртқы істер министрі Мария Убахпен және Андорра мәдениет және спорт министрі Сильвия Гонсалеспен кездесті деп хабарлайды "MacInfo" ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Дәурен Абаев Қазақстанның үлкен аумағы туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Өз кезегінде мемлекет визалық режимді жеңілдету, қолайлы инвестициялық ахуал жасау, инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда басым туристік аумақтар анықталды, оның ішінде елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандар да бар. Мемлекет келесі қолдауды ұсынады: жер учаскелерін беру, инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету (электр, жол, су), салықтан босату, жеңілдетілген несиелер беру, тау шаңғысы жабдықтары мен техникаларын сатып алу шығындарының 25% - ын өтеу және туристік нысандарды салу кезінде 10% қайтару. Сондай-ақ, инвестициялық преференциялар алу үшін басым аумақтарда жобаның шекті құны төмендетілді.
Өз кезегінде Андорра үкіметінің өкілдері елдің тау туризмін дамыту, осы салаға инвестициялар тарту, ыстық бұлақтарда спа-курорттар салу тәжірибесі туралы айтып берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жемісті және өзара тиімді ынтымақтастық туралы ниет білдірді.