Қоғам

911 0

Қазақстанның ең кедей облыстары аталды

2021 жылы кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелді, деп хабарлайды macinfo.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына жетпейтін халықтың үлесі 2021 жылы 5,2 пайыз құраған. "2021 жылы өңірлер бөлінісіндегі кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан (9,8 пайыз), Маңғыстау (8,6 пайыз) облыстарында, ең аз үлесі – Нұр-Сұлтан (2,2 пайыз) қаласында тіркелді", - делінген агенттіктің хабарламасында.

Ұлттық статистика бюросы қала мен ауыл тұрғындарының табысында едәуір айырмашылық бар екенін атап өтті. "Мысалы, қалалық жердегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 3,8 пайыз, ал ауылдық жерде 7,2 пайыз. 2021 жылы кедейліктің ауылдық және қалалық деңгейлері арасындағы ең үлкен айырмашылық Атырау (9,1 есе) және Маңғыстау (4,3 есе) облыстарында байқалды", - делінген хабарламада. 

Ұлттық статистика бюросының еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова 2021 жылы жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы орта есеппен айына 37 266 теңге болғанын жеткізді. "Бұл ретте әрбір өңірдің өзінің ең төменгі күнкөріс деңгейі есептеледі", - деді ол. 

Написать комментарий

Подвердите что Вы не робот - [] *: