Арал теңізінің түбіне сексеуіл егіледі
14 жарым тонна сексеуіл Қызылорда облысына жөнелтілді, деп хабарлайды macinfo.kz Хабар24-ке сілтеме жасап.
Іле-Балқаш қорығында жиналған тұқым Арал теңізінің тартылып кеткен түбіне егіледі. Оңтүстік Балқаш өңірінде орналасқан қорық Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жобасы аясында құрылған. Мұнда ауқымды сексеуіл орманы да бар. Қызыл кітапқа енген өсімдікті өзге аумақта өсірудің тиімділігін уақыт көрсетпек. Өткен жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағына жасыл желек егудің ауқымды бағдарламасын жариялады. Қазақстанда төрт жылда 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Бағдарламада тартылып қалған Арал теңізінің түбіне сексеуіл егу де қарастырылған. Бұл топырақты нығайту және Орталық Азия аймағына жайылған «тұзды дауылдар» санын азайту үшін қажет. Ғани Тұрықбаев, республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы оңтүстік-шығыс аймақ өкілі: – Орман алқабын анықтау барысында орманнан тұқым жиналатын учаскені анықтағаннан кейін ол учаскеден үлгі алынып, ол арнайы зертханаға тексеруге жіберіледі. Зертхананың берілген сынып сапасына сәйкес, бірінші, екінші, үшінші класс немесе себуге болмайды деген анықтама беріледі. Сексеуіл тұқымдары Арал теңізіне арнайы техникамен жабдықталған ұшақтар арқылы шашылады. Бұл технология Кеңес Одағы кезінде қолданылған, бірақ елімізде бұл әдіс ұмыт қалған. Сексеуіл егу «Қазәуеорманқорғау» мекемесіне тапсырылыпты. Жоба үшін Ан-2 типті 4 ұшақты пайдалану жоспарлануда. Бірақ алдымен жеткілікті тұқым жинау керек. Жәнібек Жұбаниязов, мемлекеттік «Іле-Балқаш! табиғи қорығының бас директоры: – Биыл өте қатты құрғақшылық болды. Сондықтан тұқымның шығымдылығы өте төмен. Бірақ негізінен қорықтың басым аумағы сексеуіл болғандықтан, қажетті тұқымды жинадық. Бірақ басқа аймақтарда менің білуімше, өнімділігі өте төмен. Сексеуіл өте баяу өсетін өсімдік. Мәселен, Арал теңізінің түбіне тұқымы себілсе, шамамен 2030 немесе 2040 жылдары сексеуіл орманы пайда болады. Бірақ жас бұтасының тамыры мығым. Сондықтан топырақты жел эрозиясынан сақтайды. Қажетті тұқым көлемін жинау үшін бір ай уақыт кеткен. Ғани Тұрықбаев, республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы оңтүстік-шығыс аймақ өкілі: – Сексеуіл ағаштары бұл тез сынып кететін ағаш. Сондықтан да бұл ағаштың бұтағын сындыруға тыйым салынған. Бұл жерде арнайы жайылған палаткаларға немесе қаптарға қағу арқылы ғана түсіруге рұқсат етіледі. Жиналған тұқым материалдары арнайы торлардан, арнайы өңдеуден өткізіліп, тазаланып содан соң себуге жіберіледі. Қызылорда облысына жөнелту үшін 14 жарым тонна сексеуіл тұқымы дайындалды. Егер ауа райы мүмкіндік берсе, тағы жиналып, жөнелтіледі. Жоспар бойынша Арал теңізіне сексеуіл тұқымын себу биыл желтоқсан айының басында басталуы тиіс.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Әбен Нарынбаев.