Мәжіліс депутаты: Әскерге министрдің де, қарапайым адамдардың да баласы баруы керек
Ерлан Саиров мектепте оқу-тәрбие жұмысын жолға қою қажет екенін айтты.
Мәжіліс депутаты, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерлан Саиров 31 арна эфирінде берген сұхбатында басшылық қызметтегі адамдардың балалары көп ретте әскерге бармай қалатынын айтып, бұл істе теңсіздікті жою қажеттігін айтты.
"Ең негізгі мәселе – әскери құрама басшыларының әскерге кеткен балалар мен олардың әке-шешесінің алдындағы жауапкершілігін арттыру. Жарғыға сәйкес келмейтін қарым-қатынас – кеңестен қалған жаман мұра. Осы іс-әрекеттер жаман кесірін тигізіп жатыр. Мұны шешудің бір жолы бар – әскери құрамадағы қарым-қатынастың жарғыға сәйкес келуін қадағалау", – деді Ерлан Саиров.
Мұнымен қатар мәжіліс депутаты сарбаздарды әскерге еркінен тыс алып кетудің дұрыс еместігін алға тартты.
"Біріншіден, мектептерде оқу-тәрбие жұмысы дұрыс жүруі керек. Ең негізгі аспекті осы патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу болуы керек. Екіншіден, әскерге азаматтарды тек өз еркімен апару керек", – деді депутат.
Сондай-ақ, ол басшы балаларының әскерге бармай қалатынын сынға алды.
"Көбінесе басшылық қызметтегі адамдардың балалары заңды айналып өтеді. Әскерге барудың өзінде бір теңдік болуы керек. Әскерге министрдің де, қарапайым азаматтардың балаларының бәрі баруы керек", – деді Ерлан Саиров.
Дереккөзі: informburo.kz